Былтыр Қазақстан мен Оңтүстік Корея Республикасы арасындағы дипломатиялық байланыстың орнағанына 30 жыл толып, мәдени жыл болып жарияланған болатын. Осыған орай, қос мемлекет арасында рухани дамуды өркендету үшін жуырда Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Республикалық мемлекеттік академиялық корей театры» корей еліне гастрольдік сапар жасады.
Айта кетейік, 90 жыл тарихы бар бұл өнер ордасы – әлемдегі жалғыз корей мемлекеттік театры.
Қазақстандық өнер шеберлері Сеул және Тэджон қалаларында «Ғажайып 40 күн» спектаклін көрсетті. Туынды корей халқының қазақ жеріне қоныс аударуы, қазақ халқының бауырмалдығын өзек еткені жайлы және корей елінің ұлттық батыры Хон Бом Доға арналған.
Қойылымға Қазақстанның Кореядағы төтенше және өкілетті елшісі Нұрғали Арыстанов, «Қазақстан-Корея» Ұлттық Ассамблеясы Парламентаралық достық тобының және генерал Хон Бом Доны еске алу қорының төрағасы У Вон Сик бастаған лауазымды тұлғалар қатысты.
«Сонау қиын жылдары корей ұлтын Қазақстанға еріксіз жер аударған болатын. Бұл ұлт тарихындағы ауыр кезеңдердің бірі болды. Алайда қазақ халқымен бірлікте өмір кешкен корей ұлты қиындықты жеңіп шықты. Татулық пен достықтың арқасында еліміз өркениетке қадам басты», – деп атап өтті Н. Алмасбайұлы.
Республикалық мемлекеттік академиялық корей театрының сапары қос мемлекет арасындағы жыл бойы өткен мәдени жылдың жабылуымен аяқталды. Театрдың гастролі Кореяда жоғары деңгейде өтті.
Источник: https://turkystan.kz/article/231842-kazakstan-men-ontustik-koreya-arasynda-medeni-baylanys-nygaya-tusti/